My CMS
Аймақ

ШЫМКЕНТТЕ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ АЛАЯҚТАРҒА ҚАРСЫ ІС-ШАРАЛАР КҮШЕЙДІ

Бүгінгі таңда интернет пен әлеуметтік желілер адамдардың күнделікті өмірінде маңызды рөл атқарады. Дегенмен, оның мүмкіндіктерімен қатар, жаңа қауіптер де артып келеді. Елімізде соңғы уақытта «онлайн махаббат схемасы» деп аталатын алаяқтық түрі жиілеп, азаматтардың қаржылық және моральдық зардап шегуіне себеп болуда.

ІІМ және Шымкент қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, мұндай алаяқтар көбіне өздерін шетелдік азамат, әскери қызметкер немесе халықаралық компания өкілі ретінде таныстырады. Олар әлеуметтік желі арқылы жылы сөздер айтып, тез арада сенімге кіреді, сезім білдіреді және болашақта кездесу немесе үйлену жайлы әңгімелер қозғайды. Алайда уақыт өте келе түрлі сылтаулармен ақша сұрай бастайды – мысалы, шұғыл медициналық көмек, құжат рәсімдеу немесе жол шығындарын жабу үшін.

Жуырда Астана тұрғыны дәл осындай алаяқтың арбауына түсіп, 9 миллион теңгесінен айырылған. Ол интернет арқылы сөйлескен адамға сеніп, банк шотына бірнеше мәрте ақша аударған. Қаражат түскен соң, «романтик» ізім-ғайым жоғалып кеткен.

Онлайн алаяқтықтың негізгі белгілері:

  • Қысқа уақытта «махаббат» сезімін білдіру;
  • Бейнеқоңыраудан немесе жеке кездесуден үзілді-кесілді бас тарту;
  • Қиын өмірлік жағдайларды айтып, аяныш тудыру;
  • Ақша, құжат немесе бағалы заттарды жіберуді сұрау.

Шымкент қаласының полиция қызметкерлері «Заң және тәртіп» қағидаты аясында интернет қауіпсіздігі бойынша түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді. Құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында тұрғындарға арнайы семинарлар, мектептер мен колледждерде дәрістер ұйымдастырылуда. Азаматтарға бейтаныс адамдарға жеке деректерін бермеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу және ешқандай жағдайда алдын ала төлем жасамау ескертіледі.

Сонымен қатар, онлайн алаяқтық фактілері бойынша жедел әрекет ету жүйесі күшейтілді. Күмәнді жағдай туындаған сәтте 102 нөміріне хабарласу – қылмыстың алдын алудың ең тиімді жолы.

Құқық қорғау органдары атап өткендей, мұндай қылмыстар тек қаржылық шығын ғана емес, адамның психологиялық жай-күйіне де елеулі зиян келтіреді. Сондықтан интернеттегі қарым-қатынас кезінде сезімге берілмей, әр қадамды салқынқанды есеппен жасау – заманауи қоғамдағы ең маңызды қорғаныс тетіктерінің бірі.

Шымкент қаласының тұрғындарына арналған бұл ескертулер тек бір адамның емес, бүкіл қоғамның қауіпсіздігін сақтауға бағытталған. Құқықтық мәдениетті көтеру, азаматтық жауапкершілікті арттыру және ақпараттық қауіпсіздік дағдыларын қалыптастыру – тұрақты әрі қауіпсіз қоғам құрудың басты шарттары.

Қатысты жаңалықтар

ТАЗАЛЫҚ ЖАНАШЫРЛЫҚТАН БАСТАЛАДЫ.

ulanonlinejob_r46y8xlo

ЕГЕМЕНДІК МЕРЕКЕСІ АТАП ӨТІЛДІ

ulanonlinejob_r46y8xlo

МҰХТАРХАН ДІЛДӘБЕКОВ САЙЛАУҒА ОТБАСЫМЕН КЕЛІП ДАУЫС БЕРДІ

ulanonlinejob_r46y8xlo

Пікір қалдырыңыз