My CMS
Аймақ Соңғы жаңалықтар

ШЫМКЕНТ ПЕН ИНЧХОН АРАСЫНДА ТІКЕЛЕЙ ӘУЕ РЕЙСІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ: ТУРИЗМДІ ДАМЫТУҒА ЖАҢА СЕРПІН

Оңтүстік Корея мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық тағы бір маңызды қадаммен толықты: Шымкент пен Инчхон қалалары арасында тікелей әуе рейсі ашылды. Бұл бастама тек көлік қатынасына ғана емес, сонымен қатар екі ел арасындағы туризм мен экономикалық байланыстарды тереңдетуге де мүмкіндік береді. Жаңа бағытты отандық жекеменшік әуе компаниясы іске қосып отыр.

Тікелей әуе қатынасы Инчхоннан Шымкентке сейсенбі және жұма күндері жүзеге асырылады. Ал Шымкенттен Кореяға дүйсенбі және бейсенбі күндері ұшуға болады. Жаңа бағыттың таныстырылымына Кореядағы ірі туристік агенттіктердің өкілдері арнайы шақырылып, рейс кестесі мен Шымкент қаласының туристік әлеуеті таныстырылды.

Бұл шара барысында Қазақстанның Корея Республикасындағы Елшісі Нұрғали Арыстанов Оңтүстік Қазақстанның тарихи және мәдени маңызы жоғары орындарына тоқталды.

«Қазақстан ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген алты нысанымен мақтанады. Солардың бірі – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. Айтпақшы, ол Шымкенттен алыс емес, Түркістанда орналасқан», – деді елші.

Сондай-ақ ол Тамғалы петроглифтері сынды тарихи-мәдени мұралар туралы айтып, енді бұл жерлерге жету бұрынғыдан әлдеқайда жеңіл болатынын жеткізді.

Кездесу барысында Оңтүстік Корея туристік нарығының өкілдеріне Шымкенттің туристік артықшылықтары кеңінен таныстырылды. Қаладағы Триумфалды арка, Абай саябағы, жаңа мешіт секілді сәулеттік нысандар мен ұлттық тағамдар – шетелдік қонақтардың қызығушылығын тудырған басты бағыттар болды.

Қазақстандық әуе компаниясының Кореядағы филиалының директоры Андрей Цыганковтың айтуынша, Шымкент – миллионнан астам халқы бар, қарқынды дамып келе жатқан қала ғана емес, сонымен қатар аймақтағы маңызды әуе хабы.

«Жаңа әуежай жылына 2 миллионнан астам жолаушыны қабылдай алады. Ол Шымкенттің өңірлік орталық ретіндегі рөлін күшейтіп, халықаралық қатынастарды кеңейтуге жол ашады», – деді ол.

Сонымен қатар, Кореялық туризм саласының өкілдері Шымкенттің Орталық Азия елдеріне жол ашар географиялық артықшылықтарын ерекше атап өтті.

«Қазірдің өзінде Алматы – Қырғызстан – Өзбекстан бағытындағы турларға 100-ден астам бронь тіркелген. Бұл маршрут Ташкенттен Кореяға кері қайту арқылы аяқталады. Енді Шымкент осы турлардың жаңа логистикалық торабы бола алады», – деді Ян Хён Сок, туристік компанияның вице-директоры.

Жаңа рейс тек Оңтүстік Корея бағытында ғана емес, одан әрі кең мүмкіндіктер ұсынады. Қазіргі таңда Шымкенттен тікелей Будапешт, Мюнхен, Ыстамбұл және Мәскеу қалаларына рейстер қатынап жатыр. Бұл – туристер мен бизнес өкілдері үшін аса тиімді көлік логистикасы қалыптасып жатқанын білдіреді.

Шымкент пен Инчхон арасындағы тікелей әуе рейсінің ашылуы – екіжақты туризмді дамытуға, мәдени байланыстарды нығайтуға және халықаралық логистиканы жетілдіруге бағытталған нақты әрі нәтижелі қадам. Бұл бастама Қазақстанның Оңтүстігін Орталық Азиядағы маңызды туризм және транзит орталығына айналдыруға тың серпін береді.

Қатысты жаңалықтар

В состав политсовета партии Nur Otan внесут изменения

ulanonlinejob_r46y8xlo

ШЫМКЕНТТЕГІ 4 МЕКТЕПКЕ ТАРИХИ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ ЕСІМІ БЕРІЛДІ

ulanonlinejob_r46y8xlo

ШЫМКЕНТТЕ ИНВЕСТИЦИЯ КӨЛЕМІ 17,4 ПАЙЫЗҒА АРТЫП, 203,6 МЛРД ТЕҢГЕНІ ҚҰРАДЫ

ulanonlinejob_r46y8xlo

Пікір қалдырыңыз