2023 жылы Шымкентте құрылысы басталған 12 «Жайлы мектеп» жобасы аясындағы жаңа мектептерге ресми атаулар беріліп, олар әділет органдарында тіркелді. Бұл шешім 2024 жылдың 12 маусымында қала әкімінің №2802 қаулысымен қабылданды. Жаңа мектептердің 9-ына директорлар Оқу-ағарту министрлігінің «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» кадр резервінен тағайындалса, қалған 2 мектепті уақытша жақын маңдағы мектеп директорларының орынбасарлары басқарады.
Алдағы оқу жылында 13 жаңа мектепке барлығы 7187 оқушыны қабылдау жоспарланып отыр, оның ішінде 530 бала бірінші сыныпқа қабылданады. Сондай-ақ, жаңа білім беру мекемелеріне 494 мұғалімді ауыстыру тәртібімен орналастыру көзделген. Оқушылардың оқу қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін жаңа мектептерге 9249 дана оқулық басқа мекемелерден жеткізіледі.
Мектептерде балаларға қауіпсіз және қолайлы орта жасау мақсатында барлық қажетті заманауи құрал-жабдықтармен қамту жұмыстары жүргізілуде. Олардың қатарында:
— 1166 бейнебақылау камерасы,
— 29 дабыл батырмасы,
— 82 турникет,
— 1815 компьютер,
— 2575 оқу құралы мен зертханалық жабдықтар,
— 26 635 жиһаз элементі (парта, орындық, шкаф) бар.
2024 жылғы қыркүйекке қарай қажетті құрал-жабдықтардың 85%-ы сатып алынып, қоймаларға жеткізілді. Бұл ауқымды шаралар Шымкенттің білім беру инфрақұрылымын жақсартып, оқушыларға сапалы білім алу үшін барлық қажеттіліктерді қамтамасыз етуге бағытталған. Мектептерде бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін жеке блоктар қарастырылып, балалардың дамуы мен оқуына қолайлы орта жасалған. Ерекше қажеттіліктері бар оқушылар үшін кедергісіз орта ұйымдастырылып, мектептер заманауи пән кабинеттерімен, STEM-зертханаларымен және робототехника сыныптарымен жабдықталған.