Шымкент қаласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет түрлі саладағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту мақсатында 15 негізгі саланы қамтитын арнайы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің карталарын жасады. Бұл карталар жемқорлық әрекеттерін алдын ала анықтау және жедел тергеу жұмыстарын жетілдіруге көмектеседі. Карталар білім, денсаулық сақтау, жер қатынастары, тұрғын үй, әлеуметтік қамсыздандыру, мемлекеттік сатып алу, құрылыс, жол инфрақұрылымы, кәсіпкерлік, сейсмология, сот және полиция сияқты бағыттарды қамтиды.
Жер қатынастары ерекше бақылауға алынған бағыттардың бірі болып отыр. 2020-2024 жылдар аралығында Шымкент қаласы әкімдігі мемлекет қажеттілігі үшін 28 миллиард теңге көлеміндегі қаражатқа 269 гектар жердегі 1 541 учаскені сатып алған. Бұдан бөлек, 5 717 гектар аумақты қамтитын 4 579 учаскені сатып алу туралы шешім шығарылғанымен, оның 3 мыңнан астамы әлі жүзеге асырылмаған. Зерттеулер көрсеткендей, бұл кідірістер жер бағасының өсуі, меншік иелерінің өзгеруі, сондай-ақ жедел сатып алу қажеттілігіне байланысты орын алып отыр.
Сонымен қатар, жер қатынастарындағы жемқорлық тәуекелдерін азайту үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бірқатар нақты шараларды ұсынды. Мысалы, процестерді цифрландыру, арнайы онлайн-тізілім құру және оны халық пен кәсіпкерлерге қолжетімді ету ұсыныстары енгізілді. Бұл бастамалар жер қатынастары саласында жемқорлықты азайтуға және Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын нығайтуға бағытталған.
Сондай-ақ, жаңа сыбайлас жемқорлыққа қарсы карта арқылы бақылау күшейтіліп, түрлі саладағы жемқорлық тәуекелдері төмендеп, халықтың сенімі артады деп күтілуде.