Бүгін Алматы қаласында жас кәсіпкер, логистика саласындағы жетекші компаниялардың бірі «Golden Bridge Partners» мекемесінің логистикалық маршруттарды кедендік рәсімдеу бойынша экономикалық үйлестірушісі Жомарт Смат белсенді жастармен кездесті. Басты мақсат – экономикамыздың жаңа қарқынды дамушы саласын жастарға таныстыру, болашақ логистерді өз қатарына тарту және бұл саланы насихаттау.
Жомарт Смат тек жас кәсіпкер емес, Халықаралық деңгейдегі бизнес жобалардың жеңімпазы, бірнеше облыс әкімдері мен ведомствалық арнайы гранттардың иегері. Қазақстан-Түркіменстан арасындағы жол қатынастарына қатысты логистикалық жоба әзірлеу тобының мүшесі әрі бас аналитигі.
Қазіргі таңда бизнес бастамалар бойынша ТМД елдері арасында сарапшы ретінде көптеген жобаларды ілгерілетуге қатысуда.
Бүгінде Қазақстан Шығыс пен Батысты біріктіруші негізгі жол айрығында орналасқан мемлекет. Бұның артықшылығы да жетерлік. Логистикалық компаниялар мұндай мүмкіндіктерді қалт жібермей, барынша пайдалануға тырысуда. Сонымен қатар, өз қатарларында отандық мамандардың болғанын қалайды. Бұдан бөлек, бірнеше саланы қатар алып жүрген жас кәсіпкер өз ісін бастауды, ірі компанияларда серіктес әрі жетекші маман болудың құпиясымен бөлісті.
Смат Жомарт, жас кәсіпкер, «Golden Bridge Partners» компаниясының логистикалық маршруттарды кедендік рәсімдеу бойынша экономикалық үйлестірушісі:
- Әлеуметтік кәсіпкерлік пен бизнес бастамалар туралы алдыңғы жұмыс орнымда жүргенде көп ойланып, дәл осы логистика саласында кәсіпті өрбітуді жөн санадым. Бұл сала әрі тың, әрі мүмкіндігі көп болып табылады. Қазіргі таңда өз бизнесіммен қатар, логистика саласында жетекші саналатын «Golden Bridge Partners» компаниясында әрі серіктес, әрі үйлестіруші ретінде қызмет етемін. Біздің мекеме бүгінде Қазақстан, Ресей және Қытай мемлекеттерінде кеңсесі бар логистика саласында кешенді қызмет түрін ұсынатын үлкен компания. Бүгінгі кездесуімізде біз тек өз мекемемізді ғана таныстырмаймыз. Біздің басты мақсат – елдегі логистикалық саланы ретке келтіру және оны ілгерілету. Қазақстанда логистика саласының дамуы – ел экономикасына ерекше үлес қосады деп сенемін. Сондықтан мұндай жиындардың көп болғанын құптаймын.
Жиын қорытындысы бойынша Смат Жомарт шара барысында ерекше белсенділік танытқан бір топ жастарға арнайы сыйлықтар тапсырып, өз мекемесінде тәжірибеден өтуге шақырды. Белсенді жас кәсіпкер мұнымен тоқтап қалмақ емес. Алдағы уақытта өзге де өңірлердегі белсенді жастармен түрлі кездесулер ұйымдастырып, оларды бірлесе жұмыс жасауға шақырмақ. Мұндай шаралар тек логистикалық ахуалды ғана емес, жастар арасындағы жұмыссыздықтың да алдына алуға әсер етеді деп сенеміз.
Іске сәт жас кәсіпкер!
Марғұлан Аманжолұлы