Қоғамдағы құқықтық сананың деңгейін арттыру тек қана еркін жүрген азаматтар арасында емес, қылмыстық-атқару жүйесінде жазасын өтеушілерге де қатысты маңызды мәселе болып отыр. Себебі әрбір сотталған адамның қоғамға қайта оралып, толыққанды азамат ретінде өмір сүруі – тек заңды білуге ғана емес, құқықтық мәдениетті санасына терең сіңіруіне байланысты.
Осы орайда, Шымкент қаласының Полиция департаменті мен Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бірлескен іс-шаралар жоспарына сәйкес, түзеу мекемелерінде нашақорлықтың алдын алу мен есірткіге қарсы бағытталған тәрбиелік жұмыстар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Мұндай шаралардың басты мақсаты – сотталғандарды сауатты өмір салтына баулу, құқыққа құрметпен қарауға тәрбиелеу және қайта әлеуметтендіру.
Жақында осындай іс-шаралардың бірі Шымкент қаласындағы №53 түзеу мекемесінде өтті. Кездесу барысында сотталғандарға нашақорлықтың жеке тұлғаға, оның денсаулығына және болашағына тигізетін зияны түсіндірілді. Сонымен бірге, есірткіден арылған азаматтардың оң тәжірибесі үлгі ретінде ұсынылып, олардың қоғамға қайта бейімделу жолдары жайлы айтылды.
Бұл кездесуде басты назар тек зиянды әдеттен бас тартуға ғана емес, бос уақытты тиімді пайдалану, еңбекке араласу, пайдалы істерге жұмылу және білім алудың маңыздылығына аударылды. Себебі адамды қайта тәрбиелеудің ең басты тетігі – оған жаңа мүмкіндіктер ашу, қоғамға қажет екенін сезіндіру.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері мұндай кездесулердің маңызы зор екенін атап өтті. Себебі құқықтық мәдениетті қалыптастыру тек заңды түсіндірумен шектелмей, әрбір адамның жеке өмірлік ұстанымына әсер етуді талап етеді. Ал есірткіге қарсы күрес пен нашақорлықтың алдын алу – тек қана сотталғандар үшін емес, бүкіл қоғам үшін ортақ міндет.
Құқық қорғау органдарының мәлімдеуінше, мұндай әлеуметтік-тәрбиелік жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табады. Бұл өз кезегінде қылмыстың алдын алуға, жазасын өтеушілерді қоғамға қайта бейімдеуге және жалпы құқықтық сананы арттыруға септігін тигізеді.
Осылайша, Шымкент қаласында жүргізіліп отырған бұл бастамалар құқықтық тәрбие мен құқықтық мәдениетті қалыптастырудағы жүйелі жұмыстың бір бөлігі болып табылады. Әрбір азаматтың өмірі мен денсаулығы ең қымбат құндылық екені түсіндіріліп, қауіпсіз қоғам құруға әркімнің үлес қосуы қажеттігі баса айтылуда.