My CMS
Саясат Әлем жаңалықтары

Дума Украинаның жікшіл облыстарын тәуелсіз ел деп тануды ұсынды. Кремльдің көздегені не?

15 ақпанда Ресей мемлекеттік думасы президент Владимир Путиннен Украина шығысындағы екі облысты тәуелсіз мемлекет ретінде тануды сұрады. Бұл облыстарда Украина билігі мен Мәскеу қолдап отырған сепаратистер арасында қақтығыстар болып жатыр. Сарапшылар осылайша Мәскеу Киевті Минск бейбіт келісімін орындауға мәжбүрлемек дейді. Кремль бұл келісімді аймаққа ықпал етудің ең жақсы жолы санайды.

15 ақпанда Ресей мемлекеттік думасы президент Владимир Путиннен Украинаның шығысындағы сепартистік аудандарды тәуелсіз мемлекет деп тануды сұрап, міндетті емес шешім қабылдады. Украинамен шекарада және оккупацияланған Қырымда Ресей әскері көбейіп, Мәскеу көрші елге басып кіре ме деген қауіп үдеген шақта бұл ұсыныс өңірдегі жағдайды ушықтырып жіберетіндей.

Дума депутаттары Ресей қолдап отырған сепаратистер бақылауындағы Донецк пен Луганск облыстарының тәуелсіздігін тануға шақырып, осылайша сонда тұратын жүздеген мың Ресей азаматын қорғауға болатынын айтты. Бұл облыстар өзін Донецк және Луганск халық республикалары деп атайды. Бұл ұсыныс жұртқа 2008 жылы Ресейдің Грузиямен бес күндік соғыстан соң Абхазия мен Оңтүстік Осетия аудандарын тәуелсіз мемлекеттер деп танығанын еске түсірді.

Бірақ Мәскеуде Германия канцлері Олаф Шольцпен баспасөз жиынына қатысқан Владимир Путин олардың ұсынысына құлақ аспайтынын, кемі бірден қолдамайтынын білдіргендей болды. Ол Мәскеудің талабын қайталап, Батыс державалары Киев билігіне Минск келісімін орындауға ықпал етуі керек деді. Бұл келісім 2014 жылы сәуірден бері 13 мыңнан астам адам қаза тапқан шиеленісті реттеуге бағытталған.

Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков сол күні Мәскеудің Минск процесін ұстанатынын айтып, «Минск келісімін жылдам орындауға» шақырды.

«Қысқа қайырсақ, Путин Киевті Минск келісімін орындауға әлі де көндіре аламын деп үміттенеді, – дейді Украинадағы үшжақты байланыс тобымен келіссөз жүргізетін Сергей Гармаш. – Сондықтан, оның [республикалардың тәуелсіздігін] мойындап, келісімнен бас тартуы екіталай деп ойлаймын… себебі бұл Минск келісімі мен Минск процесінің аяқталуына әкелер еді».

«Келісімнің мүлдем күші жойылар еді және Мәскеу Украинаға ықпал етуге мүмкіндік беретін құралдан ғана емес, «ерекше мәртебе» беріп, Донбассты саяси құрылымға қосқан соң да Украинаны басқаруға септігін тигізеді деп үміттенген амалдан да қол үзер еді» дейді Гармаш.

Мәскеу Минск келісімі Киевтің Ресей қолдап отырған сепаратистермен тікелей келіссөз жүргізуін талап етеді дейді. Ал Украина олай істеуден бас тартқан. Мәскеу мен Киев келісім салдары жайлы екі түрлі пікірде. Өткен айда АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Азаттыққа «Украинаға қарағанда Ресей өз міндеттерін көбірек бұзды» деді.

Қатысты жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТТІК КЕҢЕСШІ ГЕРМАНИЯ ПАРЛАМЕНТІНІҢ ДЕПУТАТТАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

ulanonlinejob_r46y8xlo

«AMANAT» партиясының кезектен тыс XXIII Съезіне 403 делегат сайланды

ulanonlinejob_r46y8xlo

ҚАЗАҚСТАН АВТОКӨЛІК ӨНДІРІСІНДЕ ЖАҢА БЕЛЕСКЕ ШЫҒАДЫ

ulanonlinejob_r46y8xlo

Пікір қалдырыңыз